Еуропа одағы елдерінің сауда министрлері 7 сәуірде Люксембургте өткен кездесу барысында, Еуроодақ АҚШ-пен президент Дональд Трамп енгізген баж салығын жою жөніндегі келіссөзге басымдық бергені дұрыс деп ұйғарды. Бұған қоса Еуроодақ баж салығын көтерген АҚШ-қа қарымта шараларының бірінші пакетін де әзірлеп жатыр. Бұл туралы Reuters хабарлады.
Жақында АҚШ Еуропа одағына мүше 27 мемлекеттен өзі алатын болат, алюминий және автомобильдерге – 25%, басқа да көптеген тауар түрлеріне 20% баж салығын енгізген. Бұл баж салығы президент Трамптың "АҚШ экспортын шектеп отыр" деп санайтын елдерге қарсы бағытталған саясаты аясында енгізілді.
Люксембургте өткен кездесуге қатысқан өкілдердің көпшілігі Еуроодақтың негізгі мақсаты – Вашингтонмен арада толық көлемді сауда соғысын тұтатпай, мәселені мәміле жолымен шешу үшін келіссөздер бастаған жөн деген пікір білдірген.
"Біз сабыр сақтауымыз керек және шиеленісті азайтуға әрекет қылуымыз қажет. Егер бірден тайталасқа барсақ арты неге апарып соғатынын нарықтардың жағдайы көрсетіп отыр. Бірақ біз америкалықтарды келіссөзге көндіру үшін қажет болған жағдайда қарымта шаралар қабылдауға дайын болуымыз керек", – деп мәлімдеді Нидерландының сауда министрі Ренет Клевер.
Осы аптада Еуропа одағы АҚШ-қа қарымта шаралардың бірінші пакетін бекітеді деп жоспарланған. Оған сәйкес, АҚШ-тан әкелінетін тауарларға 28 миллиард доллар көлемінде салық енгізу көзделген. Reuters мәліметі бойынша, ол тізімде тіс тазалайтын жіптен бастап алмасқа дейін тауардың небір түрі бар. Еурокомиссия осы тауарларға 25% мөлшерінде баж салығын енгізуді ұсынып отыр. Еурокомиссия ұсынған тізімнен виски, бурбон және сүт өнімдері алынып тасталды, бірақ тауық еті мен жұмыртқаны қосқан.
Бұл шаралар АҚШ-тың сырттан келетін болат пен алюминийге салған баж салығына қарымта болмақ. Еуроодақ АҚШ үкіметінің шетелден әкелінетін автомобильдер мен басқа да тауарларға баж салығын енгізуіне қарымта шаралар пакетін де әзірлеп жатыр. "Екінші кезектегі" баж салығы енгізілетін болса, оларды желтоқсан айында ала бастауы мүмкін.
2024 жылы АҚШ-тан Еуропа одағына құны 334 миллиард еуро болатын тауарларды экспортқа шығарып, Еуроодақтан 532 миллиард еуроның тауарларын алған.